Жеткізілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнама әлеуетті өнім берушілерге біліктілік талаптарын белгілеу мүмкіндігін қарастырады.
Конкурстық/аукционды құжаттарда әлеуетті өнім берушілерге қандай біліктілік талаптарын белгілеу мүмкіндігін төменнен қараймыз.
Мәселен, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V ҚРЗ Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағына сәйкес, әлеуетті өнім берушілерге мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;
2) төлем қабілеттілігінің болуы, салық берешегінің болмауы;
3) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы;
4) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті, тиісті материалдық және еңбек ресурстарының болуы;
5) жұмыс тәжірибесінің болуы.
Осы тармақтың 5) тармақшасының талабы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі - Қағида) айқындалатын өлшемшарттарға сәйкес белгіленеді.
Қағиданың 442-тармағына сәйкес, 442. Конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілердің сатып алынатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет нарығындағы жұмыс тәжірибесі келесі өлшемшарттарға сәйкес:
1) егер конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы тиісті қаржы жылына белгіленген елу мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын болса, екі жылға дейін;
2) егер конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын болса, бес жылға дейін белгіленуі мүмкін.
Бұл ретте, Заңның жоғарыда көрсетілген бабының 2-тармағына сәйкес, сы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген:
1) мемлекеттік сатып алуға әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
Айналысуы үшін рұқсат алу, хабарлама жіберу қажет болатын қызмет түрлерін жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушінің құқық қабілеттілігі Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталады.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.
Заңның 9-бабы 1-тармағында белгіленген біліктілік талаптары – әлеуетті өнім беруші өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігер не қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушы ретінде тартуды көздейтін, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға да қолданылады.
Жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларын) тартуды көздейтін әлеуетті өнім беруші жұмыстарға не көрсетілетін қызметтерге тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) осы баптың 1-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынуға тиіс.
Жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін орындау үшін қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушыларды) тартылған жағдайда, олардың Заңның 9-бабы 1-тармағына белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар олар орындайтын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріне беріледі.
Жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемі орындалатын жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің жиынтық түрде үштен екісінен аспауға тиіс.
Бұл ретте қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету көлемдерін өзге де қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беруге тыйым салынады.
Біліктілік талаптары Заңның 37, 38-баптарында, 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында және 42-бабында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды.
Заңның 31, 50-баптарында және 51-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
Астана қаласы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит
департаменті камералды бақылау
бөлімінің басшысы Исахметов Талгат Айдарбекович
Астана қаласы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит
департаменті Жоспарлау,
талдау және есептілік
бөлімінің басшысы Байкуанышов А.А.
НАВЕРХ